Жарғы

Электрондық түрде жүктеу

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің

2019 жылғы «____» _________

№ _______  қаулысына

қосымша

 

«Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архиві»

мемлекеттік мекемесінің

жарғысы

 

  1. Жалпы ережелер

 

  1. «Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының (бұдан әрі – Қор) құжаттарын мемлекеттік сақталуды, тұрақты сақтау, толықтырылу, есепке алу мен пайдалануды ұйымдастыру функцияларын жүзеге асыру үшін мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес мекеме болып табылады.
  2. Мекеме «Ақмола қаласының мемлекеттік архивін құру туралы» Ақмола қаласы әкімінің 1995 жылғы 23 қарашадағы № 3-1-120 шешімімен құрылды.
  3. Мекеменің құрылтайшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі (бұдан әрі – құрылтайшы) болып табылады.
  4. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ Мекеменің мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган «Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) болып табылады.
  5. Мекеменің толық атауы: «Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі.
  6. Мекеменің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, «Сарыарқа» ауданы, М. Әуезов көшесі, №3.

 

  1. Мекеменің заңдық мәртебесі

 

  1. Мекеме мемлекеттік тіркелген сәттен бастап құрылды деп есептеліп, заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
  2. Мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген бланкілері және Мекеменің атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі болады.
  3. Мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
  4. Мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзінің кепілдігіндегі ақшамен жауап бередi. Мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде, оның міндеттемелері бойынша құрылтайшы субсидиарлық жауапты болады.

 

  1. Мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары

 

  1. Мекеме қызметінің мәні Қор құжаттарын жинақтау, сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік есепке алу, оларды ғылыми және тәжірибелік мақсатта пайдалану болып табылады.
  2. Мекеме қызметінің мақсаттары:

1) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында архив ісі мен құжаттама жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;

2) тарихи және мәдени маңызы бар архив көздерінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды ғылыми және әлеуметтік-құқықтық мақсатта пайдалану;

3) ғылыми, тарихи, мәдени, әлеуметтік-құқықтық маңыздылығына сәйкес құжаттардың сақталу мерзімін белгілеу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында пайда болатын құжаттардың құндылығына сараптама жүргізуді ұйымдастыру;

4) меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалардың құжаттарын және жеке тұлғалардың жеке қорларын жинақтау жөнінде жұмыс жүргізу;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету;

6) Қорды жинақтау үшін құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу жөнінде кәсіпорындар мен ұйымдарға (меншік нысанына қарамастан) әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету;

7) Мекеменің архивтік қорларының есептік құжаттарын дамыту мен жетілдіру;

8) қабылданған құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды сақтаудың тиісті санитарлық-гигиеналық, жарық және температуралық-ылғалдылық режимін орнату және қалпында ұстау жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыру;

9) таратылған ұйымдардың құжаттарын сақтау мақсатында оларды қабылдауды жүзеге асыру.

  1. Мекеме мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

1) Басқарманың келісімі бойынша жинақтаудың көздері және әлеуетті көздері болып табылатын мекемелердің тізімін қалыптастырады және оларды Қалалық сараптау-тексеру комиссиясының (бұдан әрі – ҚСТК) қарауына  ұсынады;

2) сақталудағы құжаттардың есебін жүргізуді жүзеге асырады,  олардың көлемі және қабылданған құжаттар мен істердің құрамы туралы мәліметті Басқармаға ұсынады;

3) ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асырады;

4) ақылы қызметтерді көрсетеді;

5) құжаттар тізімдемесіне есеп деректерін жасайды және жетілдіреді;

6) көрмелер ұйымдастырады және Мекеменің құжаттарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

7) архивтік анықтамаларды, құжаттардың көшірмелерін және олардан үзінді көшірмелерді беру арқылы ұйымдар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының, жақын және алыс шетелдердің сауалдарын белгіленген тәртіпте орындайды;

8) «Архивтік анықтамалар беру»  мемлекеттік қызметті көрсетеді;

9) белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан заңды және жеке тұлғалардың сауалдары мен өтініштерін орындауды ұйымдастыру үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;

10) заңды және жеке тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша  кеңестер береді;

11) оқу залының жұмысын және мүдделі заңды және жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға Мекеме құжаттарын беруді ұйымдастырады;

12) Қор құжаттары бойынша ақпараттық желіні және дерекқорды құрады, Мекемеге түскен құжаттарды дерекқорға уақтылы енгізуді қамтамасыз етеді;

13) орталықтандырылған сақтау, есепке алу мен пайдалану үшін архивтік қорлар құжаттарының электрондық нұсқаларын құрады және жүйелендіреді;

14) «Әкімдіктің электрондық архиві» автоматтандырылған ақпарат жүйесін әзірлеу мен іске асыруға қатысады;

15) шетелдік архивтерде Ақмола қаласы мен Ақмола (Целиноград) облысының тарихына қатысты табылған құжаттарды іздестіру және оларды (олардың көшірмелерін) алу жөнінде жұмысты ұйымдастырады;

16) Мекеменің қалыптастыру көздері және әлеуетті көздері болып табылатын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен кәсіпорындарда іс жүргізу және құжаттарды ведомстволық сақтауды ұйымдастыру мәселелері жөнінде әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;

17) мемлекеттік сақтауға қабылданатын құжаттардың материалдарын ҚСТК-мен келіседі;

18) Мекеменің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» өткізеді, ҚСТК жұмысына қатысады;

19) өз қызметінің бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтары, комиссиялар) құрады;

20) Нұр-Сұлтан қаласының таратылған ұйымдары мен кәсіпорындарының құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдауды жүзеге асырады.

Мекемеге осы жарғыда бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға жол берілмейді.

  1. Мекеме қызмет мақсаттарына қайшы жасаған мәміле, Қазақстан Республикасының шектеулі заңдарында немесе осы жарғыға не директордың жарғылық құзыретін бұза отырып, жасаған мәміле Басқарманың немесе прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылады.
  2. Мекеме директорының жарғыға сай емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке әкеледі.

 

  1. Мекемені басқару

 

  1. Мекемені жалпы басқаруды Басқарма жүзеге асырады.
  2. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Мекеменің жұмыс жоспарларын келіседі;

2) Мекемеге мүлікті бекітеді;

3) Мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;

4) Мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

5) Мекеме Жарғысын, сондай-ақ оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

6) Мекеменің басқару органдарының құрылымын, құрылу тәртібі мен өкілеттілік мерзімін, Мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін анықтайды;

7) Мекеме директорының құқықтарын, міндеттері мен                   жауапкершілігін, оны  лауазымынан босату негіздерін айқындайды;

8) Мекеменің құрылымы мен шекті штат санын бекітеді;

9) Мекеме директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

10) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;

11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде ол сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. Мекеменің директоры Басқарма басшысының бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
  2. Мекеменің директоры Мекеменің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, Басқармаға тікелей бағынады және Мекемеге жүктелген міндеттер мен оның өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты болады.
  3. Мекеменің директоры дара басшылық қағидаты бойынша әрекет етеді және Мекеме қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
  4. Мекеме директоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Мекеменің мүддесін білдіреді;

3) шарттар жасасады;

4) сенімхаттар береді;

5) Мекеменің іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді  қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың өзге де түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

6) банк шоттарын ашады;

7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

8) Басқарма тағайындайтын қызметкерлерден басқа, Мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

9) Мекеме қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына белгіленген тәртіпте ынталандыру шараларын қолданады және тәртіптік жазаларға тартады;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы жарғымен және Басқармамен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

  1. Мекеме мүлкінің құрылу тәртібі

 

  1. Мекеменің мүлкі заңды тұлғаның активтерін құрайды, олардың құны оның теңгерімінде көрсетіледі. Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік есебінен құрылады.
  2. Мекеме бекітілген мүлік пен оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
  3. Мекеменің қызметі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
  4. Мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.
  5. Мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру және ревизия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма жүзеге асырады.

 

  1. Мекемедегі жұмыс тәртібі

 

  1. Мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

 

 

  1. Мекеме жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

 

  1. Мекеменің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Басқарма шешімі бойынша жүргізіледі.
  2. Мекеменің жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.

 

  1. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

 

  1. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

____________________________