Туған өлке тарихы

 

Қазақ халқы мыңдаған ғасырлар бойы апайтөс кең далада еркін өсіп, ер жеткен халық. Сонау ғасырлар бойы апайтөс кең далада еркін өсіп, ер жеткен халық. Сонау ғасырлар қойнауынан жеткен рухани құндылықтары: оның тілі, ғажайып фольклорлық туындылары, кескіндеме, қолданбалы мұрағаттарының терең сипаты бұл халықтың ұлылығын көрсетсе керек.

Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабаларымыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата- бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Қазақстан тарихында Ақмола қашанда ерекше орын алады.

19 ғасырдың 30-шы жылдарының басында Есіл өзенінің  оң жағалауында, Қараөткел қонысына таяу жерден Ақмоланың әскери бекінісі бой көтерді. Бірнеше жылдардан кейін мұнда төрт бұрышты келген бес бекіністі дала қамалы салынды. Оны Семеке ханның тікелей ұрпағы, аға сұлтан атанған Қоңырқұлжа Құдаймендин басқарды. Сыртқы ортамен, өзге елдермен байланысты тікелей жүзеге асырған оның қызметі туралы мұрағатта жинақталған құнды жәдігерлер баяндайды.

1862 жылы Ақмола әскери бекінісі округтік қала мәртебесін алады. Мемлекеттік мұрағат қорларында осы оқиғаны баяндайтын, округтік қаланың ашылғандығы туралы, Батыс Сібірдің генерал-губернаторына жазылған ақпарат сақталған. Сондай-ақ, мұнда сыртқы округтер атауларының түсіндірмесі, Ішкі істер министрінің Ақмола облысын бекіту туралы, Батыс Сібір мен Ақмола сұлтандары бейнеленген фотосурет, Батыс – Сібір генерал губернаторының Ақмола, Қарқаралы және Аягөз округтерінде өткен жәрмеңкелер туралы жазбасы, Петропавловскіден Пресногорьков стансасына дейін пошта байланысын ашудың маңыздылығы, Ақмола қаласында қоғамдық банк ашу жөніндегі білдірмелері бар.

Жылдар өте келе Ақмола қаласы әскери-стратегиялық маңызын жоғалтып, сауда-саттық ісімен даңқы шыға бастады.

Осыған сәйкес қаланың одан арғы тарихы Ақмола көпестерінің тарихымен тығыз байланысты болды. Ақмолада қоныстанған алғашқы көпестер мұнда Тобыл, Петропавл және Түмен мекендерінен келді. Жергілікті сауда тізгіні Кубриндер әулетінің еншісіне тиді. Олар уақыт ағымына орай қалалық думаға сайланып, қайырымдылық шараларымен де айналысты.

1917 жылдың желтоқсанында Ақмолада Ақмола қалалық депутаттар кеңесі құрылды.

Кеңес өкіметінің жаппай сауатсыздықты жою жолындағы күресі аймақты дамытуға оң серпін берді.Осы кезеңге қатысты Ақмола қаласы мен Ақмола облысы бойынша құжаттарда Ақмола қалалық кеңесі мәжілісінің хаттамасы, Ақмола қаласында құрылыс салу жоспары, Ақмола облысындағы коллективтендіру  барысы туралы телефон-хат көшірмесі, қаладағы жалпы білім беру ісінің  барысы жөніндегі қарар, Ақмола ауданы бойынша көшпенділікпен отырықшылыққа ауыстыру жөніндегі даярлық жұмыстарын тексеру нәтижелері туралы қаулы секілді құжаттар да баршылық. Оңтүстік – Сібір темір жол құрамына енетін, ұзындығы 806 шақырымды құрайтын Ақмола-Қарталы желісін іске қосу қазақстандықтардың еншісіне тиді.1940 жылдың 9 айы ішінде халықтық құрылыс салу әдісімен «Ақмола-Қарталы» темір жолы желісі құрылысына қатысқан қызметкерлерді марапаттау жөніндегі бұйрық тіркелген құжат тиісті мағлұмат береді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмолада төрт әскери құрамалар мен олардың штабтары жасақталды. Олар 310-шы, 387-ші, 29-шы атқыштар және 106-шы атты әскер дивизиялары.Соғыс оты түтеп тұрған жылдары Ақмолада ірі өнеркәсіп орындары бой көтерді. 1942 жылы қалада іргелі машина құрылысы кәсіпорындарының саналатын – «Қазақсельмаш» дүниеге келді. Аталған кәсіпорын бір жыллдан кейін  өз өнімдерін шығаруға қол жеткізді.Осылар туралы мұрағат қорында жинақталған құжаттар сыр шертеді.

Қала мен мемлекеттің экономикасын дамытуда ел тарихында «тың эпопеясы» деген атпен енген тың және тыңайған жерлерді игеру аттанысы елеулі рөл атқарды.

Тың көтеруді қазіргі әлеуметтік-экономикалық ой сүзгісінен қарасақ, бұған республиканың қосқан үлесі де елеулі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумның жарлығымен  Ақмола қаласы Целиноград қаласы болып атанды. 1961 жылы КСРО  Министрлер Кеңесі «Целиноград қаласын дамыту туралы» қаулы қабылдады, ал 1963 жылы Целиноград қаласын салудың бас жоспары бекітілді.

Мұрағатта жинақталған бағалы құжаттар арасынан Қазақ ҚСР Министрлер Кеңесінің 1963 жылдың 11 ақпанындағы «Целиноград қаласын салуды жоспарлау және оның бас жоспарының негізгі ережелерін бекіту туралы» қаулысын, Тың өлкесінің құрылуына байланысты Целиноград қаласын қайта салу туралы шаралар жөніндегі материалдарды және қала магистралы жүйесінің Бас жоспарын табуға болады.

Целиноград қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың 90-шы жылдарындағы құжаттары тәуелсіз мемлекет ретіндегі Қазақстанның қалыптасу кезеңінен, президенттік институттың құрылуынан, экономика мен  әлеуметтік  салаларды дамытудың бастапқы реформаларынын сыр шертеді.

Баршаға белгілі, Қазақстан мемлекеті өз тарихында астанасын үш мәрте өзгертті: Орынбор қаласы – 1920 жыл, Ақмешіт қаласы – 1925 жыл, Алматы қаласы -1929 жыл.

Қазақ батыр халық, намысшыл халық, ержүрек халық, Елбасына қиын- қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, туған топырағын қасық қаны қалғанша қорғағанына өткен тприх куә, кешегі сұрапыл заман куә, XX  ғасырдың қуғын- сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақс тан өзінің барша төлтума болмысын,  жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтпрының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін жаңаша өмірге қадам басты.Тәуелсіздікке қол жеткен тұста мемлекетіміз жалпыұлттық ерекшеліктер мен мүдделерді ескере отырып, дербес астанасы жөнінде өз таңдауын жасады.

Ел өміріне айтарлықтай жетекші атқарған жасампаз жерімізде Қазақ мемлекеті берік орнықты. Соған орай Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті Жарлығымен 1997 жылдың 10-шы желтоқсанында Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының  астанасы болып жарияланды.

Ал 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Ақмола қаласы Астана қаласы болып аталды.

Жоғары Кеңестің «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы» шешімі қаланың бұдан арғы дамуының алғышарттарын белгілеп берді. Мұрағатта жинақталған 1997 жылғы мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру тізімі мен мерзімі, Ақмола қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың негізгі көрсеткіштері, оны өркендетудің тұжырымдамасы тәрізді құжаттар өткеннен сыр шертеді, жүзеге асырылған сан қилы міндеттерді еске түсіреді.

Астананың дамуында 1998 жылдың 10 маусымында халықаралық қауымдастықтардың қатысуымен өткізілген қала тұсаукесерінің маңызы ерекше болды. Мемлекеттік мұрағатта осынау тұсаукесерге шақырылғандардың тізімі мен басқа да құнды құжаттар сақталған.

Астана қаласының әкімшілік-аумақтық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты құжаттардың сыртында, астананың шекарасын қайта белгілеу жөніндегі құжаттар  сақталған.

Қала тарихына байланысты тарихи жәдігерлерді жинақтау, іздеу – табу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері елеулі жұмыстар атқарып отыр.

Мұрағатшылардың Ресей Федерациясының Омбы облыстық тарихи мұрағатына, Орынбор Мемлекеттік мұрағатына, Татарстан Ұлттық мұрағаттарына, Подольск қаласындағы Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатына барған сапарлары аса жемісті болды. Бұл жерден сала мамандары еліміздің, Астананың тарихына байланысты көптеген құжаттарды табуға қол жеткізді. Бүгінде олар Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының алтын қорына еніп отыр. Жоғарыда аталған құжаттардың көшірмесі түпнұсқамен пара–пар.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады.

 

Б. Баймағанбетова

«Астана қаласының  Мемлекеттік мұрағаты»

ММ  директоры

 

 

 

 

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *