Түмен қаласында «Астана - Еуразия жүрегі» көрмесінің тұсаукесері өтті.

Түмен қаласында «Астана -  Еуразия жүрегі» көрмесінің тұсаукесері өтті.

 

Ресей Федерациясының Түмен қаласында Қазақстанның бас қаласы туралы экспозицияның ашылуы бүкіл аймақтың және қаланың мәдени өміріндегі жарқын оқиға болды. Астанадан барған делегацияны Түмендегі қазақ диаспорасының өкілдері ерекше ықыласпен қабылдады.

Түмен облысы саяси-әлеуметтік тарихының Мемлекеттік мұрағатында (ГАСПИТО) жүзден аса экспонаттан тұратын көрме құрылды. Қазақтың киіз үйінде өткен ашылу салтанаты шашумен басталды. Оны Түмен облысы қазақтарының  Ұлттық-мәдени  автономиясы мұрағаттың кіреберісіне тікті. Шашудан соң  қазақтың және орыстың ұлттық киімдерін киген Түменнің жас тұрғындары қонақтарға бауырсақ және нан-тұз ұсынды.

Көрмеге келушілермен сәлемдескен Қазақстанның Түмендегі құрметті консулы Сеялхан Мақаш осыдан бір күн бұрын Астанада Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен шекаралық ынтымақтастық форумы өткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұндай шаралар – екі ел басшылары тілектерінің жүзеге асуы.

[gm album=109 module=phantom]

Көрмеге қатысушыларға облыстық Думаның депутаты Юрий Конев,  Түмен облысы қазақтарының  Ұлттық-мәдени  автономиясының төрағасы Есімхан Жантасов және Солтүстік Қазақстан облысының тумасы — ГАСПИТО директоры Елена Долгушина өз тілектерін білдірді. Ол ресей жерінде жерлестерімен кездесудің өзі ғанибет екенін айтты. Делегацияны бастап барған, Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының директоры Балқия Баймағанбетова құрметті консулдың иығына шапан жапты. Түмендіктердің қонақжайлықтарына алғысын айтты және екі мемлекеттің арасындағы мәдени байланыстардың әрі қарай нығая түсетініне сенім білдірді.

Достық пен тұрақты әріптестіктің белгісі ретінде Қазақстан мен Ресейдің Мемлекеттік әнұрандары орындалып, көрменің ашылу салтанатына ерекше рух берді.

Шара аясында Астана туралы фильм көрсетіліп, өзара ынтымақтастыққа қол қойылды. Сондай-ақ, Түмен қазақтарының «Мерей» ансамблі өнер көрсетті.

Мерекеге ұлттар ісі комитетінің төрағасы Владислав Чернов, Түмен облысы мұсылмандары Діни басқармасының найб-имамы Зиннат Садықов, Түмен Мемлекеттік Университетінің профессоры Ханис Алишин, түмендік мәдениеттанушылар, жалпы жұртшылық қатысты. Ресми бөлімнің соңы дөңгелек үстелге ұласты.

РФ Түмен қаласындағы Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырған зкспозиция Түмен облыстық  және Астана қалалық мұрағаттары арасындағы өзара ынтымақтастық аясында  өтті. Ол ТМД құрылуына 25 жыл толуына арналған.

Көрменің мақсаты – еліміздің бас қаласының құжатты жәдігерлері тарихын  баяндау.  Онда астананың әскери бекініс және уездік қала кезінен басталатын даму сатылары көрсетілген. Экспонаттар арасында  Акмолинскіге округтік қала статусын бергендегі жәрмеңкелердің, ауруханалардың, мектептердің, банкілердің ашылуы, сауда мен өнеркәсіптің өркендеуі туралы және т.б. материалдар бар.

Кеңес кезеңіндегі қалаға телефон мен радио тарту туралы құжаттар, көшелердің атын өзгерту, қала жасақтаушы мекеме — «Казахсельмаш» зауытының, сорап зауытының, Қазақ теміржол басқармасының құжаттары қойылған.

Қазақстан астанасының тарихында ерекше орын алатын 1950-1960 жылдар – тың және тыңайған жерлерді игеру. Ақмола жеріндегі тың эпопеясысында азаматтардың тыңға келуге білдірген өтініштері, Ақмолинскдегі алғашқы тың игерушілердің фотосуреттері ретінде көрініс тапқан.

Көрменің бір бөлімі тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы және Елбасы Н. Назарбаевтың қол тумасы – Астанаға арналған. Бұл бөлімде қаланың атын өзгерту туралы Жарлық, мемлекеттік мекемелерді көшіру туралы материалдар, астананың ресми тұсаукесері,  қала құрылысы туралы құжаттар, қаланың бас жобасы мен төлқұжаты және қала қала көріністері орын алған.

Сондай-ақ, сәнді-қолданбалы өнер туындылары, қазақтардың тұрмыстық және этнографиялық заттары: ұлттық киімдер, атақты шеберлердің зергерлік бұйымдары, қымыз сақтауға арналған (торсық) заттар, музыкалық аспаптар (домбыра, қобыз) қойылған.

Көрме экспонаттары Түмен тұрғындары тарапынан асқан қызығушылық тудырды және қазақ халқының төл мәдениеті жайында қызықты әңгімелер өрбіді.

 

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *