Қазақстан және Қырғызстан: тарихи-мәдени байланыстарды нығайту жолында

Қазақстан және Қырғызстан: тарихи-мәдени байланыстарды нығайту жолында

16 қыркүйекте Астана қаласы Мемлеттік мұрағатында алғаш рет Қырғыз Республикасының Бішкек қалалық мемлекеттік мұрағат қорының құжаттары мен фотосуреттерінің сондай-ақ, Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері, суретші Райкүл Ахматованың   жеке көрмесі ашылды. Көрмеге қойылған фотоқұжаттар Қазақстан мен Қырғыз Республикасының әртүрлі хронологиялық кезеңдердегі қарым-қатынасының тарихын бейнелейді. Олардың ішінде  — Орта Азия мемлекеттері басшыларының 1992 жылғы Бішкек қ. басқосулары; Қазақстанның мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қырғыз Республикасына 2001 ж. ресми түрде баруы; ҚР  Кырғыз Республикасындағы елшісі О.Өзбековтің 2006 жылы Қырғызстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз сөйлеу сәті; 1949 жылы Мәскеуде 1-ші бүкілодақтық конференцияда жазушы Сәбит Мұқановтың Түрікменстан, Ресей және Қырғыз Республикасынан келген әріптестерімен кездесу сәттері бар.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының мәдениетаралық ынтымақтастығы аясында Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатында алғаш рет атақты суретші, сәндік-қолданбалы өнер майталманы, ЮНЕСКО сыйлығының иегері, КСРО және ҚР суретшілер Одағының мүшесі Р. Ахматованың көрмесі ашылды.

Автор көпшілік назарына 70 астам жұмысын ұсынды. Олардың 20-сы картиналар, 50-ге жуығы кәдесыйлар. «Ахматованың студиясы» деп аталатын жеке көрмеден келесі картиналарды көруге болады: «Бөкелей атамның жастық шағы», «Балалық шағымның кітабы», «Пасха аралына арнау», «Мегаполис ырғақтары», «Динамикалық тепе-теңдік», «Қысқы соната», «Таң сәрі», «Кескіндер». Туындыларда киіз және жібек қолданылған.

[gmedia id=108]

Р.Ахматованың жұмыстары өзіндік қолтаңбамен, техникасымен, ұлттық дәстүр мен заманауи тақырып үйлесімімен ерекшеленеді. Суретші шет елдерге танымал, оның жеке көрмелері Ресейде, Жапонияда, ТМД елдерінде өткен. Р.Ахматова 2004 жылдан бастап, қатарынан 10 жыл Мәскеуде экспозициясын өткізген.

Р.Ахматова 1950 жылы 14 мамырда Бішкек қаласында туған. 1967-1972 жылдары Қырғыз ұлттық университетінде оқыған. 1975-1979 жылдары Фрунзедегі  С.Чуйков атындағы көркем училищесінде білім алған. 1969 жылдан 1982 жылға дейін «Қиял» ұлттық көркем  кәсіпшілік Бірлестігінде суретші болып жұмыс істеген. 1993 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Қырғыз Мемлекеттік университетінің құрылыс, көлік және сәулет өнері кафедрасының доценті. 1989 жылдан КСРО және ҚР суретшілер Одағының мүшесі.

Р.Ахматованың жұмыстары РФ, Түрікмения, Польша, Индия, Корей Республикасы, Жапония, Австрия, Англия, АҚШ, Швеция мұрағаттарының қорында және жеке коллекцияларда сақтаулы.

Көрмеге Астана қаласы мәдениет мекемелерінің, Қазақстандағы Қырғыз Республикасы өкілдігінің өкілдері, «дизайн» мамандығынан дәріс алушы студенттер, БАҚ шақырылған.

Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының директоры Б.Баймағанбетова, Қырғыз Республикасы Бішкек қалалық мемлекеттік мұрағатының директоры Жұмабай Бечеков, суретші Райкүл Ахматовалар сөз сөйледі.

Бұл Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырған екінші халықаралық жоба екенін айта кету керек. 26 тамызда Ресей Федерациясының Омбы қаласында «Астана – Еуразия жүрегі» көрме өткен болатын.

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *